ҚР Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қытайлық әріптесімен кездесті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік мәселесіне байланысты өзекті мәселелер бойынша өзара пікір алмасты. Сондай-ақ олар саяси, экономикалық және гуманитрлық бағыттағы екіжақты бірлескен қимылдарға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқыға салды. Онда Қ.Саудабаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың нағыз әріптестік байланысты екендігін атап көрсетті.
Оның пікірінше, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың ерекшелігі - Қазақстан мен Қытай басшылары бір-біріне үлкен сеніммен қарайды. Өз кезегінде, Қытайдың сыртқы істер ведомствосының басшысы екі елдің Мемлекет басшыларының ынта-ықыластары арқасында соңғы уақытта мемлекеттер арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын айтты. «Қытай халқы бүгінгі кездесуге үлкен мән беріп отыр. Өйткені біз осы кездесу барысында стратегиялық әріптестікті дамыту мен екіжақты және көпжақты қатынастарға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқыға саламыз. Бүгінгі сіздің сапарыңыз екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі жетіле түсуіне тың серпін береді деп сенемін», деді Қытай өкілі.
Жүздесуде сонымен қатар, жоғары деңгейдегі келісімдердің жүзеге асырылу деңгейі сөз болып, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардығы ынтымақтастық пен энергетика, жаһандық және аймақтық қауіпсіздік пен трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану мәселелері ортаға салынды. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға сапарына дайындыққа байланысты келісілген мәселелерге шолу жасалды. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының пікірінше, бүгінгі күні екі ел өкілдерінің басты міндеттері жоғары саяси ынтымақтастық пен сауда-экономикалық байланыстардың деңгейін сақтап қалу болып отыр.