ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Нұр Отан» филиалымен бірлесіп, дөңгелек үстел өткізді

Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құттықожа Ыдырысов қатысты. Тарифтердің құрылымы, энергияны үнемдеу және табиғи монополия субъектілерінің тарифтік сметаларының орындалу барысының қорытындысы жайында бірқатар мәселелер дөңгелек үстелдің тақырыбына айналды.
Үстіміздегі жылдың өзінде аталмыш департаментке тарифтер сметаларын бекітуге 17 өтінім түскен. Бұл жайында хабарламасында сала маманы Күлдірайхан Кеншінбаева атап өтті. Жаңадан құрылған 3 жаңа субъектіге ұсынылған тариф жобалық тарифпен салыстырғанда, 42,3 пайыздан 4,6 есеге дейін төмендетілді. «Тарифті инвестицияға алмастыру» саясатын жүзеге асыру мақсатында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК басшысы Мұхитжан Кәрімбаев кәсіпорынның экономикалық тұрақтылығын сақтау және қаралған инвестицияны тозығы жеткен өндірістік активтерді жаңғыртуға салу қажеттігін мәлімдеді. Сол себепті бұл кәсіпорынның тарифі биылғы жылдың бірінші қазанынан бастап 25 пайызға өседі. Дегенмен, осы уақытқа дейін тұрғындар тарапынан жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер мен 108 млн. берешек жаңа жобаның жүзеге асуына кері әсер етеді деген де пікірлер айтылды.
Маңызды мәселелер сөз болған дөңгелек үстелде департамент директоры Нұрлан Пірімов табиғи монополия субъектілері қолданыстағы нормативті-құқықтық актілерге сәйкес уәкілетті органдардың тарифтік сметаларының орындалуы жайында әңгімеледі. Жасалынған талдау бойынша 17 кәсіпорынның тарифтік сметаларының игерілмегендігі белгілі болды. Соның салдарынан тұтынушыларға қайтарылатын сома 452,8 млн. теңгені құраған. Ал өткен жылу беру маусымы бойынша үш жылу беру орталықтарына жүргізілген қайта есептеулерге сәйкес 11,8 млн. теңге тұрғындарға кері қайтарылатын болады.
Басқосу соңында Парламент Мәжілісінің депутаты Құттықожа Ыдырысов айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы алдағы уақытта заң қабылдау кезінде ескерілетіндігін мәлімдеді.