ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Ұлттық театрлардың республикалық фестивалі өтеді

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-мен бірлесіп 2011 жылдың 23-26 сәуірі аралығында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Ұлттық театрлардың республикалық фестивалін өткізеді. Фестиваль Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өтеді.
None
None

Фестивальдің мақсаты еліміздің әр түрлі мәдениеті мен тілін сақтап қалу, мәдениетті өзара байыту, этносаралық төзімділікті нығайту мен Қазақстан халқының мәдениетаралық келісімін одан әрі дамыту болып табылады.

Фестивальға Қазақстан Ұлттар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театры, Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театры, Республикалық неміс драма театры және Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры қатысады.

Фестивальдің салтанатты ашылуы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында 23 сәуір күні сағат 17.00-де, ал жабылуы осы өнер ордасында 26 сәуір күні сағат 17.00-де болады.

Фестиваль қойылымдары К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының және М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театрының сахналарында көрсетіледі.

Жеңімпаздарды анықтау мынадай номинациялар бойынша жоспарланған: «Ең үздік спектакль», «Ең үздік режиссерлік шешім», «Қазақ драматургиясын табысты меңгергені үшін», «Ең үздік ұлттық авторлардың драматургиясы үшін», «Ең үздік әйел адам бейнесі үшін», «Ең үздік ер адам бейнесі үшін», «Ең үздік екінші пландағы әйел адам бейнесі үшін», «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі үшін», «Ең үздік дебют», «Көрермендер көзайымы».

Соңғы жаңалықтар