ҚР Үкіметі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бірыңғай үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жобасы қаралды
Кеңестің жұмысына орталық атқарушы органдардың, Ұлттық банктің (Г.Марченко), Қаржы ұйымдарын және қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігінің (Е.Бахмутова), «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның (Қ. Келімбетов), сондай-ақ Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (С.Аханов), ҚР кәсіпкерлер форумының (Р.Баталов), «Атамекен» ҚҰЭП (А.Перуашев), Сауда-өнеркәсіп палатасының (Е.Қожасбай), Қазақстан ұн өндірушілер одағының (Н.Смағұлов) және басқа да салалық және аймақтық бизнес-қоғамдастықтардың басшылары қатысты, деп хабарлады ҚР Үкіметі басшысының баспасөз қызметі.
Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық жоспарын, елді жеделдете индустриялық-инновациялық дамыту және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларын ұтымды жүзеге асыру мақсатында құрылды. Кеңес дағдарысқа қарсы кеңестің, әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі комиссияның және бизнесті жүргізу жөніндегі жұмыс тобының қызметтерін біріктірді және олардың өзара іс-қимылы мен сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, бұрын жасалған тетіктерін сақтап қалды. Бұл консультативтік-кеңесші орган экономикалық өзекті мәселелер бойынша ашық диалогқа және мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардың ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі стратегиялық және ағымдағы міндеттерін шешуде топтасқан ұстанымдарын жасау үшін құрылған.
Алғашқы отырысқа қатысушылар бірыңғай үйлестіру кеңесінің жұмыс жоспарын мақұлдады, сондай-ақ оның қызметінің ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Бұдан басқа «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынының жобасы қаралды, оны талқылау барысында қатысушылар тұтастай алғанда оны жүзеге асырудың ұсынылған кешенді жоспарын қолдады.