ҚР Ұлттық банкі айналымға 500 теңге номиналды «Отау көтеру» монетасын шығарды

Монетаның оң жақ бетінде, (аверс) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының гербі бейнеленген. Төменгі жағында монетаның номиналын білдіретін «500 теңге» жазуы бар. Оң және сол жақ секторларында ұлттық орнамент элементінің айналық бедері орналастырылған. Айнала «Қазақстан Республикасы» және «Республика Казахстан» жазулары бар.
Монетаның қарсы жақ бетінде (реверс) «Отау көтеру» ұлттық салт-дәстүрінің көрінісі бейнеленген. Төменгі жағында мемлекеттік тілде «Отау көтеру» жазуы айналдыра жазылған. Ең төменгі бөлігінде монетаның соғылған жылын білдіретін «2010» саны бар. Оң жағында - Қазақстан монета сарайының тауарлық белгісі мен монетаның дайындалған металын, сынамасы мен салмағын білдіретін - «Ag 925 31,1 gr» таңбасы бар.
Монета 925 сынамалы күмістен әзірленген, салмағы - 31,1 грамм, диамертрі - 38,61 мм, дайындалу сапасы - «proof», 4 мың данамен шығарылды. Бағасы - 5700 теңге.