13:14, 06 Қаңтар 2012 | GMT +5
ҚТЖ ағымдағы жылы 16 мың жүк вагонын сатып алып, 70 қазақстандық локомотивті жолға шығармақ
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ ағымдағы жылы 16 мың жүк вагонын сатып алып, 70 қазақстандық локомотивті жолға шығармақ.
Аталған компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жайында 2011 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылға арналған тапсырмалар бойынша кеңейтілген отырыста белгілі болған.
Сонымен қатар ҚТЖ әлемдік технологияларды пайдалана отырып, Астанада электровоз бен тепловоз шығаруды дамыта түспек. Өскеменде вагон құймасы шығарылады. Қарағандыда рельс жасалады. Басқа да жобалар қарастырылып жатыр.
«Кеңейтілген бас қосуда сала алдындағы тапсырмаларды тыңғылықты атқарған жекелеген темір жол ұжымдарының жұмысы аталып өтілді. Оларға заман талабына сай тың тапсырмалар берілді», - делінген хабарламада.