«ҚТЖ» мен «Қазақстан-инжиниринг» акциялары маусымда сатыла бастайды
Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның қаржы директоры Нұрлан Рахметов мәлім етті.
«Маусым-шілдеге арналған кесте қазірдің өзінде анықталып отыр. Жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы алғашқы шара 17 маусымда басталады деп күтілуде. Ол кезде Алматы қаласында «Қазақстан инжинирингтің» еншілес құрылымы «832 автожөндеу зауыты» АҚ-ның 51 пайыз акциясын сату аясындағы тендер хатқалтасын ашу өтеді», - деді ол.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, маусымның соңы мен шілденің басында жекешелендіру бағдарламасы аясында аукцион өткізу жоспарлануда.
«Әлеуетті сатып алушыға «Қазатомөнеркәсіп» Үлбі металлургия зауыты мәдениет сарайы» ЖШС-нің 100 пайыз акциясы ұсынылатын болады», - деді қордың қаржы директоры.
Шілдеде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрамынан Екібастұздағы «Ертіс-сервис» пен Шымкенттегі «Қазығұрт Оңтүстік» ЖШС-ның 100 пайыз акциясын шығару жоспарланып отыр.
«Бұған қоса «Бас Балқаш 2004» ЖШС мен Түркістандағы жылжымалы құрамды жөндейтін «Ақ Берен» ЖШС-ның 100 пайыз акциясы сатылға шығарылады»,- деді Н.Рахметов.