ҚТЖ және француздың «Альстом» компаниясы Қазақстанда рельстерді аашып-жауып тұратын электр жетектерін шығаратын болады

Оған қол қою Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға жұмыс сапары ауқымында өтті.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Альстом» компанияның басшысы Патрик Кронмен кездесті. «Альстом» компаниясының президенті Патрик Крон журналистермен сұхбатында бірлескен жобалардың ойдағыдай жүзеге асырылатынына сенімін білдірді, өйткені бұл жобаларға ел Президенті Н.Назарбаевтың тікелей өзі қолдау көрсетп отыр.
Бірлескен кәсіпорын Қазақстан аумағында теміржол инфрақұрылымын дамыту мақсаты үшін құрылады. Онда Қазақстанның мұқтаждары үшін «Альстом» компаниясының технологиялары негізінде П80 айыру жетектері шығарылады және одан әрі таяу шетелдерге шығарылуы мүмкін.
Құжатқа «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мен «Альстом» компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Кристина Любе қол қойды.
Бірлескен кәсіпорын құру туралы негіздемелік келісім 2011 жылғы 3 мамырда өткен IV Астана экономикалық форумы ауқымындағы тараптар қол қойған ынтымақтастық туралы меморандумның жалғасы болып табылады.