Құқық қорғау жүйесін реформалау оның органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға қуатты серпін береді - ҚР КК төрағасы Игорь Рогов

Бұл пікірді бүгін ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов таяуда жарық көрген Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына қатысты журналистің сауалына жауап берген кезде айтты.
Қоғамға аса қауіп төндірмейтін кейбір қылмыстарды әкімшілік жауапкершілік санатына ауыстыру және оның жасалғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту сотталғандардың санын қысқартады деген ойын алға тартқан И.Роговтың пікірінше, құқық қорғау жүйесін реформалау құқық қорғау органдарының жұмысының тиімділігін арттырып, қылмыстық құқықтың одан әрі ізгіленуіне және қоғамның декриминализациялануына қуатты серпін бермек.
«Президент сапасына зиян келтірмей қазақстандық қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуді оңайлату бойынша шаралар қабылдауды талап етті. Бұл үшін алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені зерделеу және енгізу қажеттілігіне ерекше назар аудару тапсырылды. Менің ойымша, біз қазіргі уақытта оны пайдалануға әрі тәжірибеге енгізуге дайынбыз, алайда оны ақылмен істеу керек», деді Конституциялық кеңес төрағасы.