16:54, 28 Сәуір 2011 | GMT +5
«Құқық тәртібі» жедел-алдын алу шарасы барысында іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды
АҚТӨБЕ. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Республикалық «Құқық тәртібі» жедел-алдын алу шарасы аясында Қандыағаш стансасындағы ЖІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады.

Қандыағаш стансасындағы ЖІІБ аға инспекторы Изат Бөкешованың айтуынша, «Атырау-Алматы» бағытындағы №29 жолаушылар пойызында Маңғыстау облыстық ІІД Жаңаөзен аудандық полиция бөлімі тарапынан іздеуде жүрген 26 жасар азамат ұсталды.
2009 жылдың жаз айында ол бір бизнесменнің үйін салып беруге жалданған, бірақ жұмыс аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оған тиесілі ақшаны төлемей қойған. Жұмыс берушіге зығырданы қайнаған ол оның көлігін айдап кетіп, екі ұялы телефоны мен 50 мың теңгесін қолды қылды. Одан кейін Мақат стансасы маңында ол көлікті тастап, ақшаны жұмсап, соңғы екі жыл қашып жүрген.