Күн тәртібінде - навигация кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі-ККМ

АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Балқаш қаласында биылғы навигация кезіндегі заңнама талаптарын бұзушылықтың және шағын өлшемді флоттағы апаттылықтың алдын алуға арналған көшпелі кеңес болып өтті,
None
None

деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Кеңестің жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Нығматулин, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ғабит Мұхамбетов, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Бәрменқұлов, орталық және жергілікті мемлекеттік орган өкілдері, кеме және шағын өлшемді кемеге арналған база-тұрақтары мен демалыс аймақтарының қожайындары қатысты.

Қазақстанда су айлақтарында шағын көлемді кеменің саны жыл санап артып келеді. Тек соңғы 5 жылдың ішінде шағын өлшемді кеме саны 50 пайызға, яғни 9 мыңға өсті. 2011 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Көліктік бақылау комитеті аумақтық органдарының есебінде 28 347 бірлік шағын флот тіркелді.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ғ.Мұхамбетовтің сөзі бойынша Қарағанды облысының әкімшілігі «Сарыарқа» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, Қарағанды облысындағы айлақтардағы, соның ішінде Балқаш көлі, су қоймаларында шағын өлшемді кемелерді және олардың тұрақ-базаларын пайдаланудың жергілікті ережелері әзірленді. Осы Ереже Қарағанды облысы әкімінің 2011 жылғы 2 ақпандағы № 04/01 қаулысымен бекітіліп, Қарағанды облысының Әділет департаментінде тіркелді.

Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Ә. Бәрменқұлов атап өткендей, мемлекеттік бақылауды жүйелендіру үшін флоттағы апаттылықты алдын алу бойынша 2011 жылға арналған Іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүзеге асырылуда.

Қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтың алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың қызметі үйлестіріліп, өңірлерде кеме қожайындарының, шағын өлшемді кемеге арналған база тұрақтарының және демалыс аймақтарының қожайындарының қатысуымен сақтандыру кеңестері өткізілді.

Суға түсу маусымы кезінде «Скутер» республикалық акциясын өткізу жоспарлануда. Акцияның мақсаты - адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, көпшілік демалатын жерлерде серуендеу және спорттық шағын өлшемді кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қазіргі кезде Көліктік бақылау комитеті Көлік туралы Заңға түзетулер енгізуді жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, су көлігіндегі бақылау саласында 16 заңға тәуелді актілерді қабылдау жоспарланып отыр (Үкімет қаулысы және Министр бұйрығы). Бұл жұмыс ағымдағы жылғы маусым-шілде айларында аяқталады.

Көліктік бақылау комитеті төрағасының айтуынша, нормативтік құқықтық негізді қалыптастыру мен бірлескен шараларды қабылдау судағы қауіпсіздік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар