Күннің суытуына байланысты белгілі тұрағы жоқ адамдар елорданың әлеуметтік бейімдеу орталығына ағылуда

«Күннің суытуына байланысты бізге жүгінетін адамдардың саны күрт артып кетті. Қазіргі уақытта 126 тұлға тіркелген. Оның 9-ын біз ауруханаларға жібердік, ал қалған 116-сын тамақтандырып отырмыз. Олардың барлығының да белгілі тұрағы жоқ»,- деді агенттік тілшісіне Астана қалалық белгілі тұрағы жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Динара Шапина.
Оның айтуынша, мекемеге келетін мұндай адамдардың әрқайсысы бірнеше ауруға шалдыққан.
«Ауруларды ауруханаға жатқызамыз. Жалпы, бізде түрлі адамдар болуы мүмкін. Егер адам құжатсыз болса бір жыл бойы, ал егер басқа жақтан келсе бір ай бойы бізде бола алады», - деді Д. Шапина.
Директор орынбасарының сөзіне қарағанда, кейбір белгілі тұрағы жоқ адамдар мекемеге өздері келсе, енді біреулерін құқық қорғау органдарының немесе жедел медициналық көмек қызметінің қызметкерлері алып келеді.
Айта кетейік, бұл мекеме белгілі тұрағы, кәсібі және тіршілік ету қаржысы жоқ тұлғаларға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмектер көрсету, сонымен қатар Астана қаласында криминогендік жағдайды қысқарту және санитарлық-эпидемиологиялық, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында құрылған.