Құрманбек Жұмағали «31» медиахолдингінің басшысы болып тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 31 телеарна мен informburo.kz ақпарат порталын бір холдинг құрамына біріктіру процесі аяқталды. Жаңа құрылған медиахолдингтің басшысы қызметіне 31 арнаның бас директоры Құрманбек Жұмағали тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: «31» медиахолдингінің баспасөз қызметі

Бұл жұмыс бірнеше жыл бұрын 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасы мен informburo.kz интернет-порталы редакцияларын интеграциялау негізінде басталған еді.

Екі медианы біріктіру – басқару және редакциялық саясат сапасын одан әрі арттыруға, мультимедиялық ақпараттық контент өндірісін күшейтуге мүмкіндік береді.

«Алдымен холдингтің бизнес-мақсаттары мен міндеттерін нақтыладық. Бірнеше бағыт бойынша жұмысты жіті назарға аламыз. Ең бастысы, елде және әлемде болып жатқан оқиғаларды жедел, шынайы әрі жан-жақты көрсетуді жалғастыра береміз, медиахолдингтің интернет-кеңістігіндегі жұмыс ауқымын ұлғайтамыз, аудиторияның қажеттілігін ескере отырып түрлі жанрдағы жаңа контент ұсынамыз», – дейді медиахолдинг басшысы Құрманбек Жұмағали.

Айта кетейік, биыл 31 арнаға 30 жыл толады.

Мерейтой қарсаңында телеарнаның эфирге шығу жүйесі толығымен автоматтандырылып, шығармашылық топ көрермендерге бірнеше жаңа ойын-сауық шоу, сериалдар мен фильмдер ұсынады.

Ал мультимедиалық, ақпарат-сараптамалық informburo.kz порталы 2015 жылы құрылды және еліміздің жетекші ақпараттық сайттарының біріне айналып үлгерді.

Informburo.kz 24/7 режимінде елде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды ұсынып, оқырманға түсіндірме журналистика жанрында ақпарат береді.

2022 жылдан бастап портал арнайы репортаждар мен эксклюзивті сұхбаттар түсіріп, өзінің YouTube каналын белсенді түрде дамыта бастады.


Соңғы жаңалықтар