Күзде қапшағайлықтарға көгілдір отын келеді

Осыған байланысты, қала әкімінің орынбасары Ілияс Сүгіровтің басшылығымен қаланың пәтер иелері кооперативтерімен және салаға жауапты мамандармен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында биылғы жылдың қыркүйек, қазан айларында аймаққа сұйық отын берілетіні белгілі болды. Бұл істі «Қапшағай аймақтық газ желілері» ЖШС өз қаражатына жасамақ. Кездесуге арнайы келген аталмыш серіктестіктің техникалық директоры Александр Комаров, қатысушыларға Заречный, Арна секілді ірі ауылдық өңірлер мен қалаіші алдымен газбен қамтылатынын айтты. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлерден бастап, жер үйлерге де газ жүргізілмек. Осы ретте, мұның барлығы әр тұрғынның келісімімен, екі жақты шарт жасасу арқылы ғана жүзеге асырылатыны мəлім болды.
Сондай-ақ, осы істі жүргізу кезінде арнайы комиссия құрылады. Қауіпсіздікке баса назар аударылады. Жалпы, басқосуда келушілер тарапынан сұйық отынға қосылу үшін құжаттар тізімі мен қаражат көлемі бойынша сауалдар қойылды.
Мамандардың айтуынша, əр үйдің заңды барлық құжаттары болуы тиіс. Сондай-ақ, қала тұрғыны көгілдір отынды қалаған (монша, жазғы ас үйі. т.б) жеріне тарта алады. Яғни, әр үй сұйық отынға қосылу үшін шамамен 400-450 мың теңге жұмсайды. Бірақ бұл қаржы əлі нақты белгіленбеген.Сондықтан газға қосылу құны өзгеруі мүмкін.