09:15, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Қымызнайлықтар тұтынушыларға 15 тонна қымыз, 6 тонна шұбат жөнелтті
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Щучье ауданы аумағындағы «Қымызнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қымыз өндірушілері Астана мен Щучье-Бурабай курорты аймағындағы тұтынушыларына жыл басынан бері 15 тонна қымыз бен 6 тонна шұбат жөнелтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары қымыз өндірісін кәсіп еткен қымызнайлықтар бүгінде айтулы саланы өндірістік негізге қойып, мол өнім өндіруге қол жеткізіп отыр. «Астана-өнім» акционерлік қоғамының құрамдас бөлігі ретінде қазірдің өзінде серіктестікте 673 бие, 94 түйе, 462 қой мен ешкі күтімге алынған. Бие сауу германдық жоғары технологиялық аппарат арқылы іске асырылады. «Бұл іске шағын ауылдың 50-ге тарта адамы, оған қоса он тұрғын егіншілік саласында жұмысқа тартылып отыр. Олардың орташа айлық табыстары 41 мың теңгеден айналуда», дейді акционерлік қоғамның бас директоры Сақташ Хамзин. Жалпы жыл ішінде серіктестік бойынша 92 тонна қымыз, 18 тонна шұбат, 1,3 тонна ешкі сүтін өндіру белгіленген. Ішсе шөл қандырар, емдік қасиеті мол сусындар қазірдің өзінде елордада 70 сауда орындарында сатылып, курортты аймақтың емдеу мекемелері толықтай қамтамасыз етіліп келеді. Серіктестік жетекшісі Ғалым Әбдіқалықовтың айтуынша, жұмыс арнасы кеңейтіліп, су жүйесін тарту, ауланы көгалдандыру, жолдарды ретке келтіру шешімін таппақ. Ал мұның өзі сайып келгенде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасайтын болады.