Қырғыз экономикасының ЕАЭО-ға ойдағыдай интеграциялануы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толықтай жауап береді - Д.Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев алдағы болатын Мемлекет басшысының Қырғызстан Республикасына жұмыс сапары жайлы түсініктеме берді.
None
None

Абаев сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың екіжақты кездесуі жоспарланғанын атап өтті. «Келіссөз аясында инвестиция, өнеркәсіп, жол құрылысы және трансшекаралық өзендер ресурсын пайдалану саласындағы ынтымақтастық бойынша бірқатар нақты мәселелер талқыланады.

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысының айтуынша, екі ел басшылары Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруіне байланысты қырғыз-қазақ шекарасының учаскесінде кедендік бақылауды алып тастау рәсіміне қатысады.

«Қырғызстан шекарасының ашылуы осыдан 20 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған интеграциялық бастаманы дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл бәріміз көптен күткен, Мемлекет басшысы үшін стратегиялық маңызы бар оқиға. Ортақ нарық көкжиегінің кеңеюі, бәрінен бұрын, қарапайым халыққа пайдалы», - деп атап өтті Д.Абаев.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы, сондай-ақ, ЕАЭО ауқымында Қырғызстанды қолдау мәселесін қозғады.

«Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сыртқы саясатында әрқашан да бүкіл Орталық Азия аймағының игілігін қаперде ұстап отыр. Көршілерімізге қолдау көрсетеміз, өз дамуымызға да қолайлы жағдай жасаймыз. Сондықтан да Қазақстан әзірлік кезеңі бойы туысқан елге бірыңғай нарыққа қосылуы мәселесінде көмектесті. Техникалық және әдістемелік мәселелер бойынша консультациялар жүргізілді, елеулі қаржылай көмек бөлінді. Қырғыз экономикасының одан әрі ЕАЭО-ға ойдағыдай ықпалдасуы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сай келеді», - деп қосты ол.

Соңғы жаңалықтар