Қырғызстан бюджетінің ағымдағы тапшылығы ЖІӨ-де 13,5 пайызға дейін өскен

Бұл туралы бүгін Үкіметте қырғыз еліне көмек көрсету жөнінде өткен кеңесте ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бешімбаев мәлім етті.
«Біз қырғыз тарапымен бірлесе әзірленген дағдарысқа қарсы жоспарды екі негізгі кезеңге бөліп отырмыз. Бұның алғашқысы бірінші кезекте атқарылатын, яғни өмірлік маңызды мәселелерді шешуге қажетті шаралар. Бұған мемлекеттің орнықты қызмет етуін қамтамасыз ету, жапа шеккен өңірлердегі тұрғындарды қыс түскенше баспанамен қамтамасыз ету шаралары жатады. Жоспардың екінші топтамасы бойынша ұзақмерзімді сипаттағы шаралар қарастырылады. Бұл кезеңде қырғыз елі ортамерзімді экономикалық өсімге қол жеткізуі тиіс», деді Қ. Бешімбаев.
Оның айтуына қарағанда, қырғыз тарапының ұсынған мәліметтеріне қарағанда, залал шеккен өңірлерді оңалту мен әлеуметтік міндеттемелерді орындаумен байланысты шығындарды есепке алғандағы ел бюджетінің ағымдағы жылғы тапшылығы ЖІӨ-де 13,5 пайызға дейін өскен. «Сәйкесінше, бұл тапшылық сомасы 269 млн.-нан 619 млн. доллар аралығын құрайды. Аталмыш мақсаттағы қаражаттың бір бөлігін ЕурАзЭҚ-тің Дағдарысқа қарсы қорынан алу жоспарланған», деді Қ. Бешімбаев.