06:00, 18 Наурыз 2017 | GMT +5
Қырғызстан ЕАЭО аясында 41 млн доллар көлемінде техникалық көмек алады
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қырғызстан ЕАЭО жағдайына бейімделу мақсатында 41 млн доллар көлемінде техникалық көмек алады. «ЕАЭО аясында Қазақстан мен Қырғызстан Үкімет басшылары - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Қырғызстан Республикасының вице-премьер-министрі Олег Панкратов Бішкекте кездесу барысында жасалған келісімді жүзеге асыру мақсатында Қырғызстан Республикасының экономика саласын бейімдеу үшін 41 млн АҚШ долларын бөлу туралы хаттамаға қол қойды», - деп хабарлады Қазақстан ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Мәскеуде өтіп жатқан ТМД Экономикалық кеңесінің 37-отырысы кезінде.

Оның айтуынша, «зертханалық, сертификаттау базасын құруға байланысты, сондай-ақ санитарлық, фитосанитарлық, ветеринарлық бақылау аясында қырғыз мамандарының жалпы ережелерге сай жұмыс жасауының дайындығы туралы бірқатар бөлімдер көрсетілген жол картасы бар.
«Қол қойылған хаттамаға сай, жабдықтарды сатып алу және сәйкес базаны құру үшін техникалық көмек көрсетілді», - деп түсіндірді ол.