Қытай елі Қазақстанның өсіп-өркендеуін табанды түрде қолдайды - Бүкілқытайлық халық өкілдері құрылтайы Тұрақты комитетінің төрағасы У Банго

Сонымен қатар Қытай Қазақстанның халықаралық шараларда үлкен рөл атқарып отырғандығын мойындайды. Бұл туралы бүгін елімізде ресми сапармен жүрген Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері құрылтайы Тұрақты комитетінің төрағасы У Банго Сенат Төрағасы Қайрат Мәмимен болған кездесуінен соң айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан небәрі 20 жылдық тарихта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында барлық салалар бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізді. «Бүгінде Қазақ елінде саяси тұрақтылық берік орныққан. Ал экономикаларыңыз дамып келеді. Нәтижесінде халықтың да жағдайы оңала түсуде. Қазақстан уақыт өткен сайын халықаралық қатынастардың белсенді қатысушысына айналып келеді. Қазақстан экономикалық көрсеткіштер бойынша ТМД көлемінде екінші орынға шықты. Біз небәрі 13 жылда сайын далада үлкен жаңа астананың бой көтергендігін өз көзімізбен көрдік. Біз бұған таңдай қағып, қуаныстық. Біз Қазақ елінің болашақта Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен бұдан да үлкен жетістіктерге жететініне сенімдіміз»,-деді У. Банго.
Сондай-ақ ол Қазақстан мен Қытай қатынастары бүгін көңіл толтырарлықтай екендігін атап өтті. «Екі мемлекет басшыларының арқасында қарым-қатынастардың айтарлықтай алға жылжығандығын айтуымыз керек. Қазақстан басшысы Қытайға 17 рет барды. Ал Қытай төрағасы Қазақстанға 7 рет сапар жасады. Мұндай жиілік халықаралық тәжірибеде сирек кездесетін жағдай. Мемлекет басшыларының мемлекетаралық қарым-қатынас мәселесіне деген осындай жіті көзқарастарының арқасында Қазақстан мен Қытай байланыстары бүгін өте жоғары деңгейде», - деді Қытай өкілі.