Қытай Қазақстанның экономикасына 8 миллиардтан астам доллар инвестициялады - Қ.Саудабаев
Бейжің сапары аясында Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясында баяндама жасаған Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осындай мәлімдеме жасады.
Министр сондай-ақ, 1992 жылдан бері Қазақстан мен Қытайдың арасындағы екіжақты сауда-саттықтың көлемі 25 есеге өсіп, 2008 жылы рекордтық көрсеткішке - 17,5 миллиард долларға жеткенін айтты.
«Әлемдік дағдарыс аталған көрсеткіштерге, сөзсіз, теріс әсерін тигізбей қоймады. Дегенмен, 2009 жылдың қорытындысы мен перспективалық бірлескен даму жоспарлары, рекордтық көрсеткішке әлі қайта оралатынымызға сенім береді», - деп атап көрсетті Қ.Саудабаев.
Мемлекеттік хатшы сондай-ақ, елдің маңызды инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыруға берген 13,5 миллиард доллар көлеміндегі қаржылай көмегі үшін Қытай үкіметіне алғыс білдіріп, «осынау қадам Қазақстанның жаһандық қаржы дағдарысының теріс салдарын еңсеруінде маңызды рөл атқарды», деп атап көрсетті.