Қытай тілін жетік меңгерген қазақстандық жастар Астанада республикалық олимпиадада бақтарын сынады
Олимпиаданың ақтық сайысы 23 сәуір күні Бейжің сарайында өтті. Байқауды Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының елшісі Джоу Ли құттықтау сөзбен ашты.
Сайыста Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қытай тілі факультеті мен Конфуций институты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Конфуций институты, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы Конфуций институты, Алматы қаласындағы Қазақ-қытай тілдерінің халықаралық академиясының студенттері мен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ жанындағы Қазақ-қытай білім және ғылым орталығында білім алған 13 өрен қытай тілін білу деңгейлерін сарапқа салды. Олар аспан асты елінің тілінде өзін-өзі таныстырып, қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Қатысушылар сондай-ақ, білім деңгейлерімен бірге шығармашылық өнерлерін де ортаға салды.
Нәтижесінде бірінші және екінші орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның студенттері Анжела Кенжина мен Айгүл Жұмабекқызы иеленді, үшінші жүлделі орын Астанадағы Аграрлық университеттің магистранты Лаура Аутелееваға бұйырды.
ҚР-дағы Қытай Елшілігі мәдениет басқармасының бастығы Лаң Ючы олимпиадаға қатысушыларды жеңістерімен құттықтап, қытай тілін қысқа мерзімде оқыту курстарын жүргізіп отырған С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ға үлкен ризашылығын білдірді.
Еске салайық, аталмыш ЖОО базасындағы Қазақ-қытай білім және ғылым орталығын 2010 жылы 14 маусымда университет ректоры Айтбай Бұлашев пен Шынжаң аграрлық университетінің ректоры Ло Чиуджан ресми түрде ашты. Онда Л.Чиуджан: «Екі мемлекетті ежелден байланыстырып келе жатқан мәдени, тарихи, жағрапиялық және ғылыми-технологиялық байланыстар осы Орталықта жаңғыртылып, жаңа деңгейге көтерілетін болады», - деп атап көрсеткен болатын.