Қытайдың «Сани Груп» компаниясы Сыр өңірінде цемент зауытын салуды жоспарлап отыр

Бұл компания облыстағы құрылыс және мұнай-газ саласына қызмет көрсетуге инвестиция салмақ. Компания бас директорының орынбасары Ли Цзяньхуа Қазақстан мен Қытай елі арасындағы достық және экономикалық қарым-қатынастың жылдан жылға нығайып келе жатқанын айтты. Олар Сыр өңірінде құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын өндіруді дамытуды көздеп отыр. Соның бастамасы ретінде аймақта цемент шығаратын зауыт салуды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. Компанияның бұл салада тәжірибесі мол. Атап айтқанда, Индонезияда ауқымды индустриялық аймақты осы кәсіпорын салған. Бүгінде сол елдің тәжірибесін осы өңірде қолданбақ.
Аймақ басшысы Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстыра келіп, Елбасы шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Аймақтың әлеуеттік мүмкіндігін кеңінен пайдалана отырып, отандық және шетелдік инвестицияны өндіріске, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, құрылыс саласына тарту керектігін, сондай-ақ, бүгінде осы салаларда Қытай елінің технологиялары бізде жоғары сұранысқа ие болып отырғанын атап өтті.
Екіжақты кездесу барысында тараптар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Алдағы жоспарлар жайлы айта келіп, достық қарым-қатынастың дами беруі өз нәтижесін береді деп сенім білдірді.