Қытайдың Шәуешек қаласының делегациясы Павлодарға сапармен келді

Шәуешек басшысы Жұмағазы Қадырбекұлы бастап келген қытайлық делегацияның сапары 2010 жылдың сәуір айында Қытайда қол қойылған және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастыққа бағытталған аймақтардың және Шәуешектің сыртқы экономикалық сауда мекемесінің арасындағы сауда ынтымақтастығы туралы келісімнің аясында өтті.
«Шәуешек - жеміс-көкөніс өнімдері өсірілетін ауыл шаруашылығы өңірінің орталығы. Өнімдерді Павлодар облысына, әсіресе көктем мен қыс айларында жеткізу - павлодарлықтарды бағасы тиімді дәруменді өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көтерме саудамен айналысатын біздің кәсіпкерлер қытайлықтармен сауда ынтымақтастығын одан әрі жалғастыру туралы келіссөздер жүргізді», - деп хабарлады Павлодар әкімі Серік Байсейітов өз сұхбатында.
Қытай делегациясы павлодарлық кәсіпкерлерді алдағы қыркүйек айында Шәуешекте өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шақырды. Онда биылғы өніммен қоса, өңдеуші өндіріске арналған ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары таныстырылады.