Қытайдың жаңа басшылығы біздің екіжақты қарым-қатынастарымызды нығайтуға бағытталған жолды жалғастыратын болады - ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері

Әңгімелесу барысында С.Ахметов пен В.Цзябао Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі Қазақстан-Қытай өзара әрекеттестігін дамыту мәселелерін талқылады.
Тараптар екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасты. В.Цзябао ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао мен ҚКП ОК Бас хатшысы Си Цзиньпиннің атынан ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевқа деген құттықтаулары мен ізгі тілектерін жеткізді.
«ҚР мен ҚХР арасында ұзақ жылдар бойы тығыз байланыс орнаған, әсіресе біздің елдеріміздің басшылары арасындағы іскер және достық қарым-қатынасты айырықша атап айтқым келеді», - деді кездесу барысында В.Цзябао. «Қытайдың жаңа басшылығы біздің екіжақты қарым-қатынастарымызды нығайтуға бағытталған жолды жалғастыратын болады», - деп жалғады сөзін ҚХР Мемлекеттік кеңес Премьері.
Өз кезегінде, С.Ахметов, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту тақырыбын қозғай келіп, «тауар айналымының оң динамикасын сақтай отырып, оны 2015 жылға қарай 40 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу қажеттігін» атап өтті.
С.Ахметов пен В.Цзябао сондай-ақ, көлік, энергетика және мұнай-газ саласындағы өзара әрекеттестік туралы мәселелерді де талқылады.