Қызмет бабын асыра пайдаланған бұрынғы ауыл әкіміне айыппұл салынды

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, М.Оразәлиев 2002 жылы Зеленов ауданы Мичурин ауылдық округінің әкімі болып жұмыс жасай жүріп, «Жер туралы» Заңды бұза отырып, комиссияның қорытындысынсыз, өзге біреуге тиесілі жер телімін Н.Қамиеваға беріп жіберген. Шын мәнісінде бұл жер телімі 1998 жылғы мамырдың 28-де сол кездегі ауыл әкімінің шешімімен Н.Еспановтың жеке меншігіне берілген болатын. Бұл жер телімін алған соң оны Н.Қамиева С.Сұлтановқа 200 мың теңгеге сатқан. Сөйтіп М.Оразәлиевтің қылмыстық іс-әрекеті нәтижесінде Н.Еспановтың заңды құқығы бұзылған.
Зеленов аудандық соты қызмет бабын асыра пайдаланған М.Оразәлиевті ҚР ҚК 308-бабы 3-бөліміне сәйкес кінәлі деп тауып, оған 300 мың теңге көлемінде айыппұл салды.