Қызмет бабын пайдаланып, қаржы жымқырған тұлға сотты болды - Прокуратура

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сітлеме жасап хабарлайды.
«Атап айтқанда, 2009 жылы 27 тамызында жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі жүз пайызды құрайтын «Сайрам Тазалық» ЖШС-нің директоры қызметін атқарған Қ.Раймқұлов, яғни мемлекеттік қызмет атқаруға теңестірілген тұлға бола тұра, қызмет бабын пайдакүнемдік ниетпен пайдаланғаны анықталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ауыз су» бағдарламасы бойынша Сайрам ауданы, Аксукент, Манкент, Бадам-1, Қарамұрт, Әйтеке би, Черновод, Игілік, Қайнарбұлақ, Жаңаталап, Көмешбұлақ елді мекендерінде су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Сайрам аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және авттомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесімен 177 млн. 478 мың 819 теңгеге жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарт жасаған. Жыл соңында жөндеу жұмыстары аяқталуына байланысты аталған елді мекендердегі атқарылмаған ағымдағы жөндеу жұмыстары 1 млн. 381мың 181 теңгені құраса да, қабылдау комиссиясымен орындалған жұмыстар ретінде қабылданып кеткен. Атқарылған жұмыстарды қабылдап алудың жалған актілеріне, яғни ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізіліп, қызметтік жалғандық жасап, өзінің іс-әрекеттерімен мемлекетке зиян келтірген», - делінген прокуратура таратқан баспасөз айғағында.
Осы жәйт бойынша қаржы полициясы органымен Қ.Раймқұловтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, Сайрам аудандық сотының 20 сәуір 2011 жылғы үкімімен ҚР ҚК-нің 176 бабының 3 бөлігі «Б,Г» тармақтарымен және 314 бабының 1 бөлігімен айыпты деп танылды. Сот тұлғаны 5 жыл мерзімге құрылыс саласында басшы қызметін атқару құқығынан айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚР ҚК-нің 63 бабын қолданып тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, 2 жыл сынақ мерзімін және тағайындаған.