Қызылағаш мемлекеттің қамқорлығы мен халықтың бірлігі арқасында қайта қалпына келді - Елбасы

"Әлемде түрлі апаттар орын алып жатыр. Кеше Палестина халқының 15 миллионы баспанасыз қалды. Әлемде басқа да табиғи апаттар орын алып, шығындар болуда. Наурыздың 11-де осы Қызылағашта орын алған су тасқыны саладрынан 45 адам қаза тапты. Мен Үкіметке тапсырма бердім, арнайы комиссия жұмысқа кірісті. Ұлттық компаниялар мен халықтың бас біріктіруі арқасында 8 млрд. теңгеден астам ақша жиналды. Елдің бірлігінің арқасында облыс, аудан әкімдігі, Төтенше жағдайлар министрлігінің күш біріктіруі арқылы 467 үй салынды. Бұл мемлекеттің тәуелсіздігін, күш-қуатын көрсетеді. Жалпы қазір әлемдік қаржы жүйесінде дағдарыс бар. Жәй жатқан ақша жоқ. Бірақ мемлекет соған қарамастан баршаңызға көмектесті, барлық жағдай жасалды. Алдағы уақытта мемлекетке қол жая бермей, әркім тіршілігін жандандырғаны жөн. Қазір біз жер жаннаты Жетісуда тұрмыз. Бұнда істеген тіршіліктің өнбейтіні жоқ. Сондықтан тіршілік ету мемлекетті сүю, тәуелсіздікті қорғау - парыз. Қазір бәсеке заманы. Адам, білім бәсекесінің заманы. Сондықтан жақсы білімге ұмтылуымыз керек. Қазақстан қазір үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Елімізде индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асуда. Жыл сайын жалақы, зейнетақы өсуде. Жыл сайын діндер съезі өткізіледі. Алдағы уақытта әлем мемлекеттері басшыларының басы қосылып, ЕҚЫҰ-ның үлкен Саммиті өтпекші. Мұның бәрі қажырлы еңбектің арқасы. Кезінде қазақты ешкім танымаса, бүгінде әлем мойындайды. Бұл Қазақстанның дәрежесі, қазақтың дәрежесі. Сондықтан ата-бабамыздың төгілген қаны ақталып, ойдағы арманы орындалды», деген Елбасы қызылағаштықтарға қоныс құтты болсын айтып, ауылды гүлдендіруді аманаттады.
Елбасы сөз соңында облыста көптеген жұмыстар жүзеге асып жатқанын атап өтті. «Алматы облысында индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша 16 жоба болса, оның 10-ы биыл іске қосылады. Кеше тілдің үш тұғырлы бағдарламасының орындалуына үлкен үлес қосатын тіл сарайында, спорттың дамуына ықпал ететін спорт сарайында болдым. Жақсы нәтижелер бар», деген Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына сәттілік тіледі.