09:40, 05 Сәуір 2010 | GMT +5
Қызылағаш тұрғындарына сот жүйесі қызметкерлері көмек қолын ұсынды - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық сот жүйесі қызметкерлері табиғат апатынан зардап шеккен Алматы облысындағы Қызылағаш ауылының тұрғындарына көмек көрсетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық соттар әкімшісі Марал Балтышевтың айтуынша, Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғындарына материалдық көмек көрсету мақсатында судьялар мен сот қызметкерлері бір күндік айлық жалақыларын арнайы ашылған қайырымдылық есеп-шотына аударған. Сөйтіп облыс соттары мен соттар әкімшісі табиғат зардабына ұшырағандарға демеу ретінде екі миллион теңге төңірегінде қаржы қарастырып отыр. Бұл ретте Көкшетау қалалық, Аршалы, Атбасар, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандық соттар ұйымшылдық үлгісін танытқан. Өңір сот саласы қызметкерлері бұл бастамаларын Шығыс Қазақстан облысындағы тосын жағдайға да арнайтын болады.