Қызылағашта жаңа көше бой көтерді
Құрылысқа тартылған 63 компанияның қарқынды жұмысының нәтижесінде қазіргі кезде Қызылағаш ауылында жаңа көше бой көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қазіргі таңда 8 үйдің шатыры жабылды, 33 үйдің қабырға кірпіші қаланды, онға тарта үйдің негізгі қаңқасы тұрғызылды. Ауылдағы 472 үйдің 449-ы қайта салынып, 23-іне күрделі жөндеу жүргізілетін болды.
Оған қоса, ауылда 440 үйдің орны тазартылып, 449 үйдің орны құрылысқа дайындалды.
Құрылыс алаңында жұмыс істейтін адамдардың саны 3000-ға жетіп, техника саны 500-ден асты.
Елді мекенді инженерлік коммуникациямен қамтамасыз ету мақсатында ауылдың ішін жарықтандыру үшін 6 шақырымға созылған ВЛ-10 кв электр желісі салынды.
Ауыл ішінде су құбырларын тарту жұмыстары сәуірдің 15-іне дейін аяқтау жоспарлануда. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ауылдағы шатыр қалашығының маңайына алғашқы колонка орнатылып, тұрғындар таза ауыз суды пайдаланып отыр. Жол мекемелері көшелерді көлденеңінен жоспарлауды жүзеге асырып, жүретін жол мен су қоймасы аумағын тазалауда.