Қызылорда бадминтоншылары Алматыда өткен халықаралық турнирде айтарлықтай олжалы болды
Дәстүрлі жарыста Қазақстанның бірқатар облыстарымен қатар Ресей және Өзбекстаннан келген ракетка мен волан шеберлері жүлделерді сарапқа салды. Мұнда додалар ерлер мен әйелдердің жекелей жарысы, жұптасып және аралас жұптасып өнер көрсету түрлерінде қанат жайды. Әйелдердің жекелей сынында үш жүлдені де қызылордалықтар жеңіп алды. Бірінші орын барлық жекпе-жектерде жеңіске жеткен Жібек Ахметоваға бұйырса, екінші-үшінші орындарға тиісінше Рая Дауылбаева мен Елена Кувшинова орналасты. Әйелдердің үздік жұбы атағына қызылордалық Светлана Сәниева мен алматылық Анна Амелина қол жеткізді. Екінші орынға да қызылордалық-алматылық дуэт - Рая Дауылбаева мен Светлана Мәлікова жайғасты.
Жұптасып өнер көрсетуде қызылордалық Игорь Хан мәскеулік Игорь Де екеуі қарсыластарының бәрінен басым түсті. Сол сияқты аралас жұптардың өнер көрсетулерінде де алғашқы екі орынды қызылордалықтар қатысуымен өткен дуэттер ұтты. Мұнда бірінші орынға қызылордалық Светлана Сәниева мен мәскеулік Игорь Де қол созса, екінші орынды Сыр өңірінің өз тұрғындары Сергей Неудачин («Қайсар» футбол командасының баспасөз хатшысы) мен Жанна Нұрғазарынова еншіледі.