Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтарда 1400 млн. теңгенің өнімі өндірілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның ішінде 1029,6 млн. теңге егіншілік саласының, ал 458,8 млн. теңге мал шаруашылығы саласының үлесіне тиеді. Жалпы, үстіміздегі жылы қала бойынша 2859 гектар жерге күріш дақылы егіліп, онан 10921 тонна астық қамбаға құйып алынды. Сөйтіп, орташа гектар түсімділігі 38,2 центнерден келді.
Айта кету керек, осы өндірілген өнім көлемінің басым бөлігі биыл ғана бірігіп, іріленген шаруашылықтардың үлесіне тиіп отыр. Соның ішінде Ақжарма ауылындағы майда жеке қожалықтар үш ірі шаруашылыққа, ал Қарауылтөбе және Ақсуат ауылдарындағы диқандар қауымы бір шаруашылыққа топтасып, тірлік жасады. Нәтижесінде Ақжарма ауылында 1456 гектар, Қарауылтөбе мен Ақсуат ауылында тиісінше 285 және 430 гектар жерге күріш егуге қол жеткізілді. Осы егілген әрбір гектар егістің көлемі мен тыңайтқышына және жанар-жағармай үшін аталған шаруашылықтар Үкімет тарапынан берілген қайтарымсыз қаржыны алу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, биыл қалалық диқандар еккен дақылдар көлеміне орай 36,7 млн. теңге субсидия алды.
Бұл қаржы сол шаруашылықтардың материалдық жағдайын жақсартумен қатар еккен егістің бітік шығуына да негіз қалады. Қорытындысында жоғарыда аталған үш ауылдағы шаруашылық әрбір гектардан орташа есеппен 37,5-45 центнер аралығында Сыр маржанын жинап алды.