12:56, 09 Мамыр 2013 | GMT +5
Қызылорда қаласында Жеңіс мерекесі тойлануда
ҚЫЗЫЛОРДА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының орталық алаңында бүгін Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған шара болып өтті. Ол «Ерлік те, елдік те - ұрпаққа аманат» атауының аясында қанат жайды.

Жеңіс мерекесін тойлау Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан басталды. Мұнан кейін Ұлы Отан соғысында құрбан болған боздақтар 1 минут үнсіздікпен еске алынды.
Салтанатты шараны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, соғыс және еңбек ардагерлерін Ұлы Жеңістің 68 жылдық мерекесімен құтықтады. Мұның соңын ала әскери марш фонында Ұлы Жеңіске арналған шеру басталды. Осы кезде салтанатты гүл қою рәсімі де өткізілді.
Шараға келген қонақтар мен соғыс және еңбек ардагерлері үшін арнайы әскери палаткалар тігілді. Онда жауынгерлік ботқадан ауыз тию мүмкіндігі жасалды.
Салтанат соңы Жамбыл облыстық мемлекеттік филармониясы үрмелі аспаптар оркестрінің мерекелік концертіне жалғасты.