Қызылорда кеденшілері Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесіне орай ардагерлермен кездесті

ҚЫЗЫЛОРДА. 7 мамыр. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық кедендік бақылау департаментінің ұжымы Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне орай сала ардагерлерімен кездесті.
None
None

«Бір сәттік ерлігіңе - мың тағзым!» деген атпен өткен бұл салтанатты жиынға Тәнеш Оразов, Өтебай Ордабаев, Мақсұт Серғалиев, Үсейін Ысқақов және Пірімжар Демесбаев сынды Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты. Оларды департамент бастығының міндетін атқарушы Қайырбек Дүрменбаев қос мерекемен құттықтап, сыйлықтар тапсырды.

Жиында ардагерлер өз өсиет сөздерін жеткізді. Мұнда Тәнеш Оразовтың: «Сіздердің қызметтеріңіз жауапты. Біз білеміз, Сіздердің қазынаға құйып отырған табыстарыңыздан біздің зейнетақымыз, балаларымыздың жалақысы мен шәкіртақылары құралады. Елдің экономикасына қосып отырған үлестеріңізбен қатар, жыл сайын ардагерлерге құрмет көрсетуді ұмытпайсыздар. Қызметте адал болыңыздар. Адалдық - барлық жақсылықтың негізі. Еңбекпен тапқан адал асыңды отбасыңмен шұрқырасып отырып бөлісіп ішкеннен артық бақыт жоқ. Біз мұны жақсы білеміз. Және сіздерге, балаларым, қайталап айтудан жалықпаймыз. Адал болыңдар! Сонда бар бақыт Сіздердің қолыңызда» деген сөздерін кеден қызметкерлері шын ықыласпен тыңдады.

Ардагер ата сөзінің жалғасы іспетті бір топ жас мамандар мемлекет алдында адал қызмет етуге салтанатты ант қабылдады.

Мұнан соң ардагерлерге арнайы дастархан жайылды.

Соңғы жаңалықтар