Қызылорда облысы: Қазалы ауданында «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбырының 5-кезеңі пайдалануға берілді
Осыған орай осы ауылда орналасқан тораптық су құбырының су айдау стансасы іске қосылды.
Оның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі мұның бәріне тәуелсіздігіміз бен ауызбірлігіміздің арқасында қол жеткізіп отырғанымызды атап өтті. Елімізде және облысымызда жасалып жатқан нәтижелі жұмыстарға қысқаша тоқталған аймақ басшысы:
- «Ақбұлақ» бағдарламасы Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша бүгінде бүкіл елімізде жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның ерекшелігі - сапалы таза ауыз су бюджет қаржысы есебінен үй ішіне кіргізіліп беріледі, - деді.
Айта кетейік, Арал-Сарбұлақ топтық су құбырының құрылысы солтүстіктегі екі ауданда 2006 жылы басталды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік «Таза су» бағдарламасының игілігін бүгінде қос аудандағы 45 елді мекен көріп отыр. Аталған топтық су құбырының 5-кезеңіне 2010-2011 жылдарға республика бюджетінен 4,6 млрд. теңге бөлінді. Тораптық су құбырының су айдау стансасы, яки, 1000 текше метрлік су сақтау қоймасы мен бас сорғысы осы Бозкөл ауылына орнатылып, бірнеше тұрғын жұмысқа орналасты.
Салтанатты шарада Лақалы ауылының тұрғыны, Социалистік Еңбек Ері Кәрбоз Әлимаев облыс басшысымен бірге су сорғысы стансасын іске қосты. Ал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұртай Базаров тұрғындар атынан жүрекжарды алғысын жеткізді. Мұнан соң қонақтардың назарына ауыл тұрғыны Күншығар Әбіловтің тұрғын үйіне кіргізілген сервистік желі ұсынылды. «Бұған дейін ауыл тұрғындары суды баспа құдықтан ішетін. Адам денсаулығы үшін таза судың маңызы зор. Сапалы суды үйімізге кіргізіп берген бағдарламаға, басшыларға айтар алғысымыз мол», - деді үй иелері.