13:40, 05 Наурыз 2012 | GMT +5
Қызылорда облысы Қазалы ауданында нан шығару цехының құрылысы қарқынды жүргізілуде
ҚЫЗЫЛОРДА. 05 наурыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде инновациялық жобаға енгізілген нан шығару цехының пайдалануға берілетін күні алыс емес.

Жоба толық қуатында іске қосылғанда тәулігіне 5 тонна нан және нан-бөлке өнімдерін шығарып, 25 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Аймақтағы бірегей инновациялық жоба саналатын бұл цехты жеке кәсіпкер Бақыт Әбдірейімова өз қаражаты есебінен салуда. Оған барлығы 70 млн. теңге қаражат жұмсауда.
Он бес жылдан бері осы кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіп иесі алдағы уақытта жаңа цехқа заманауи жабдықтар алуды көздеп отыр. Бұл үшін "Даму" қорынан 20 млн. теңге несие алмақ ниетте.