14:56, 13 Тамыз 2010 | GMT +5
Қызылорда облысында апта ішінде 3 жол-көлік оқиғасы орын алып, 1 адам қайтыс болды
ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда облысында апта ішінде 3 жол-көлік оқиғасы орын алып, 1 адам қайтыс болды, 3 адам әртүрлі дене жарақатына ұшырады.

Жолда жүру ережесін бұзушылар саны 1913 адам, оның ішінде автокөлікті спирттік ішімдік ішіп басқарған 24 жүргізуші бар. Жолда жүру ережесінің тәртібін өрескел бұзған 63 жүргізушінің автокөлігі айып алаңына қойылды.
Қызылорда қаласы, Абдрахманов көшесінің тұрғыны, 1967 жылы туған азамат «Тойота Королла» автокөлігімен «Шымкент-Самара» тасжолы бойында аударылып қалды. Нәтижесінде көлік ішіндегі 2 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алып, Қармақшы аудандық ауруханасына жатқызылды.
Қызылорда-Тереңөзек тасжолының 28 шақырымында «Ауди-80» автокөлігінің иесі басқару жүйесіне ие бола алмай, аударылып қалды. Нәтижесінде көлік ішіндегі жолаушы дене жарақатынан аудандық ауруханада қайтыс болды.