Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың құны 1,5 млрд. теңге тұратын 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қолға алынды

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында тауарлы көлдер шаруашылығы балық кәсіпшілігінің жаңа бағытын жүзеге асыру мақсатында жанды жұмыстар жүргізіліп жатыр,
None
None

деп хабарлайды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының балық қорларын өсіру мен қорғау бөлімінің бастығы Әбілхайыр Омаров.

Оның айтуынша, бір кездері облыс аумағында үлкенді-кішілі 300-ден астам көл болған. Әрине, соңғы онжылдықтағы Сырдария суы­ның азаюына байланысты қаншама байлық, көлдермен қоса шабындық пен жайылымдық жерлер жұтаң тартты. Мұндай қиындық балық шаруашылығын да айналып өтпеді. Бөлім бастығы осы ретте аймақтағы балық кәсіпшілігі су айдындары республи­калық және облыстық маңыздағы деп екі санатқа бөлінетінін айтады. Республикалық табиғи бассейндерге Сырдария өзенінің арнасы мен Кіші Арал жатқызылады, ал облыстық мәртебеге кіші өзендер мен көлдер кіреді. Бұдан екі-үш жыл бұрын өңірде 215 су тоғаны бар болатын, бірақ дария суының аздығынан бірқатары құрғап қалды. Бүгінгі таңда облыс­тық маңыздағы 158 су айдыны бар, олардың барлығы облыс әкімдігімен бекітілген, су айдындарының жалпы көлемі 41 гектарды алып жатыр.

Барлық аудандардағы көлдер саны біркелкі. Негізінен ірі су тоғандары Сырдария өзенінің төменгі сағасында Қазалы мен Аралда шоғыр­ланған. Облыс бойынша 41 нысан резервтік, ал 117 көл ұзақ мерзімге бекітіліп берілген. Негізінен су тоғандары жалгерлерге 10 жылға бекітіліп беріледі. Көлдерді пайдаланғаны үшін олардан бір тиын да алынбайды. Бірақ олар барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген болуы керек. Жыл сайын балық шаруа­шы­лығын дамыту бағытындағы жоспарын ұсынып, атқаратын жұмысын, қаржысын, балық өсіру жұмыстарын көрсетеді.

Әрбір табиғи бассейннің балық аулау лимиті белгіленеді. Ол үшін жалгерлер салық төлейді. Жалпы аулау лимитін балық шаруа­шы­лығы институтының ғалымдары есептеп береді. Көл иелері оларды өздері шақырып, ғалымдар балық қорының сәйкес аулау мүмкіндігінің биологиялық негіздемесін жасайды.

Облыста балық шаруашылығын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының техникалық-экономика­лық негіздемесін жасау үшін жергілікті бюджеттен 6,9 млн. теңге қаржы бөлініп, «Қазақ балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институты ЖШС ғалым­дарына тапсырыс берілді. Ал жасалған негіздеме көлдерде тауарлы балық шаруашылығын дамытуды көздейді. Бұл бір кездері тоғанды балық шаруа­шы­лығын қайта қалпына келтіруді мақсат етеді. Демек, табиғи көлдер мен тоғанды шаруашылық арасындағы жаңа кәсіпшілікке жол ашылады. Сөйтіп, облыстың маңындағы 20 табиғи көлдер тауарлы көл шаруашылығы мәртебесіне ие болады. Жобаны жүзеге асыруға жоспарланған су айдында­рының қатарында Арал ауданынан Қамыс­тыбас, Райым, Ақшатау, Шөмішкөл, Қаракөл және Қазалыдан Басықара арнасы, Мариям-Ақкөл көлдері бар. Бұл мақсатта Қармақ­шыдағы Қаракөл, Таскөл, Жалағаштан Май­көл, Шиеліден Баршакөл енгізіліп отыр. Сырдария ауданындағы Иіркөл, Қалғандария, Айдарлы, Астаукөл, Байсары және Құндызды көлдері кіреді. Жаңақорғандағы Қалғандария, Ақтас, Өзгент, Қойлақ ата және Қызылорда­дағы Қалғандария - Бірқазан су айдындарында жаңа жобалар қолға алынады.

Жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын жобаның аясында көлдерге су жеткізетін каналдарды жөндеу мен қайта қазу, гидротех­никалық құрылыстар мен шлюздер салу, құрылыстарға да күрделі жөндеу жүргізу мен балық өткізбейтін құрылғылар салу және балықшылар үйлерін тұрғызу секілді жұмыстарды атқарылады. Ұйымдастырылатын 20 көлде тауарлы балық шаруашылығы құрылымда­рының жылдық өнім көлемі 6-7 есеге дейін көбейеді. Бұл жерлерде жаңадан балық өңдеу орындары құрылып, жұмыс орындары ашыла­ды. Облыс бойынша өткен жылдары салада 650-700 адам еңбек етсе, жобаның жүзеге асуы­мен оның саны 1,5-2 есеге өседі деп күтілуде.

Жоба үш кезеңнен тұрады, алғашқысы келер жылы мың тоннаның үстінде балық ауланса, үшінші кезеңде оны 2,8 мың тоннаға жеткізу көзделген. Салыстырмалы түрде алсақ, бүгінгі таңға жоғарыдағы 20 көлден 400 тоннаға жуық су маржандары өндіріледі екен.

- Бұл табиғатқа тікелей араласу емес, - дейді бөлім бастығы Әбілхайыр Омаров, - көлдердің табиғи болмысында айтарлықтай өзгеріс болмайды. Оның есесіне су айдында­рында балықтың өнімділігі артады. Қазір қарапайым көлдер он тоннаға жуық өнім берсе, тауарлы балық өсірілгеннен кейін ол бірнеше есе көбейеді. Бір атап өтер жайт, кәдуілгі көлдерде балықтардың сан түрі өседі. Ал тауарлы көл болғаннан кейін онда балық селекциясы жүргізіледі. Яғни, алдымен көлдегі су маржандары ауланып алынып, оған бағалы сортты балықтар өсірілетін болады. Бұл көлдердегі тауарлы балық шаруашылығын дамыту мен қалыптастырудың негізін қалайды.

Басты бағыт - облыстық балық шаруашы­лығын дамытудың 2010-2020 жылдарға арнал­ған бағдарламасы да үш кезеңнен тұрады. Ол бойынша алғашқы кезеңде өнімділікті 6 мың тоннаға жеткізу көзделсе, соңғы межеде ол 15 мың тоннаға жетуі болжанған.

Бұл мақсатқа жету үшін Кіші Арал теңізі мен тауарлы көлдерден ауланатын өнім көлемін арттыру көзделген. Бағдарламада Қызылорда тоған шаруашылығын қалпына келтіру, Қамыс­тыбас балық питомнигінің гидротехникалық құрылыстарына күрделі жөндеу жүргізу және оның көлемін ұлғайту жұмыстары межеленген. Сонымен бірге Қазалы тоған шаруашылығын қайта ұйымдастыру, Аманөткел балық питом­нигінде жаңадан 126 гектар тоған жасау қарастырылған. Арал теңізінде үлкен экспорт­тық маңызы бар салина артемиясын өсіріп, жылдық өндірістік қуатын 200 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Кіші теңіз аумағында бекіре тектес балықтар өсіретін тауарлы шаруашы­лықтар ұйымдастырып, ғылыми-зерттеулер жүргізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар