02:32, 01 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Қызылорда облысында бір күнде қос бірдей сауда орталығы ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Қазалы ауданында «Нұрай» және «Тұмар» сауда үйлері Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпкерлік нысандарының ашылу салтанатында тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Нажмадин Шамұратов: «ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында ауданымыздың жаңа кәсіпкерлік нысандарымен толығуы көңіл қуантарлық жағдай. Бұл дегеніміз - жаңадан жұмыс орындары ашылып, аудан тұрғындары сапалы қызметті тұтыну мүмкіндігіне ие болатындығының нақты көрінісі» - деді.
Халықты сапалы қызметпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан сауда үйлері заман талабына сай жабдықталған. Сауда үйінде қолжетімді бағада халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларымен қатар тұрмыстық заттар да бар.