Қызылорда облысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры «Даму-Көмек» атты мүгедек кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасын әзірлеп, іске асыруда

Қор қаржылай көмек көрсетпейді. Есесіне, ынталыларды бизнестің қыр-сырына баулып, оларға демеушілер тауып береді. Бүгінгі таңда «Даму» бағдарламасы бойынша «Даму-Көмек» сайты іске қосылып www.damu-komek.kz ақпарат алмасуға арналған хабарландырулардың электрондық тақтасы құрылды. Үстіміздегі жылы «Даму» Қорының Қызылорда филиалы «Даму Көмек» бағдарламасы шеңберінде Қармақшы ауданының тұрғындары, 1-топтағы мүгедек Жармаханов Ерлібекке және 3-топ мүгедегі Байзақов Алтайға заттай көмегін көрсетті. Жармаханов Ерлібек 1968 жылы туылған, 1-топ мүгедегі, отбасында 6 бала тәрбиелеп отыр. Қармақшы ауданының Жосалы кентінде 6 жылдан астам аяқ-киім жөндеумен айналысып келеді. Ерлібек өз жұмысының өнімділігін арттыру мақсатында «Даму» қорының филиалына бағдарлама аясында көмек көрсету туралы өтінішін қалдырған болатын. Ерлібек өз өтінішінде етік, мәсі сыдырмасын тігетін құрылғы, қайрақ станогы, резина кесетін арнайы пышақ және төс алып беруді сұраған.
Ал 1974 жылы туылған Байзақов Алтай - 3-топ мүгедегі, отбасында 2 бала тәрбиелеп отыр. Қармақшы ауданының Жосалы кентінде 10 жылдан астам аяқ киім жөндеумен айналысып келеді. «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында жаңа аяқ киім тігетін машина сұраған болатын. Демеушілік көмектің арқасында екеуі де өз өтініштері бойынша қажетті құрал-жабдықтарын алды. «Даму» қорының және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің өкілдерімен құрал-жабдықтар мүгедек-кәсіпкерлерге табысталды. Демеушілік көмекті жеке кәсіпкер Шаханова Құрбанкүл көрсетті.
Бүгінгі таңда «Даму» Қорының Қызылорда филиалы арқылы бағдарлама аясында барлығы 32 өтінім www.damu-komek.kz сайтына орналастырылып, оның 19-на қаржылай көмек көрсетілді.