Қызылорда облысында «Қайталанбас дауыстар» атты дискілер жинағы жарыққа шықты
Барлығы 28 дискіден тұратын бұл серияға Сыр өңірінен шыққан 225 белгілі қайраткерлердің дауыстары, өз дауыстарымен жазылған шығармалары, орындаған әндері мен күйлері жинақталған. Олардың арасында Мұстафа Шоқай, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Тоқмағамбетов, Әуелбек Қоңыратбаев, Зейнолла Шүкіров, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалтай Мұхамеджанов сынды көптеген танымал тұлғалар бар. Жалпы, жинаққа Қызылорда облысында туып-өскен ғалымдар мен оқымыстылардың, ақындар мен жазушылардың, сахна актерлері мен әртістердің, әншілер мен күйшілердің, жыршылар мен композиторлардың дауыстары мен дүниелері енгізілген.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көріп отырған бұл сериалға негізінен облыстық мәдениет басқармасының бастығы, белгілі өнертанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Берік Жүсіпов пен облыстық радионың «алтын қорынан» алынған дүниелер топтастырылған. Ол осының алдында облыста жарық көрген «Сырдария» топтамасының өзіндік бір жалғасы болып табылады.