Қызылорда облысында қысқа дайындық жұмыстары баяу жүргізілуде

Аймақта биыл осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлінген еді.Соған қарамастан қыстық отынды дайындап алуда бейқамдық бар. Мәселен, жылу маусымына бюджеттік мекемелерге 76,6 мың тонна көмір қоры қажет болса, қазіргі таңда соның іс жүзінде 16,6 мың тонна көмірдің қоры ғана жинақталған. Бұл жоспардың 21,7 пайызға орындалғанын айқындайды. Ал Арал ауданында жоспарланған 4,9 мың тонна көмірдің бар болғаны 1,6 мың тоннасы дайын. Қармақшы ауданына 7 мың тонна көмір қажет болса, оның 800 тоннасы алынды. Сырдария мен Шиелі аудандарында да көмір қоры жеткіліксіз. Қыстан қысылмай шығу үшін бюджеттік мекемелерге қажетті 57,4 мың тонна сұйық отынның 4 мың тоннасы ғана әзір тұр. Ал жылу-энергия көздеріне 31 мың тонна мазут қажет болса, ол мүлдем жоқтың қасы.
Жылу маусымында назар аударатын ең басты мәселе - бұл білім беру нысандарының дайындығы. Арал ауданында 72 білім беру мекемесінің жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Қазалы ауданындағы 56 оқу орнының 49-ы қысқа дайын. Жаңақорған мен Қармақшы аудандары мектептерінің де жылу маусымына дайындығы онша мәз емес. Жалпы, облыс бойынша жоспарланған 103 қазандықтың 55-не жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 20,2 шақырым жылу желілерінің 16,2 шақырымына тыңғылықты жөндеу жасалды.
Денсаулық саласына тиесілі 338 нысанның 270-і жөнделді. Мәдениет мекемелерінің 52 пайызы, тұрғын үйлердің 15 пайызының ғана жылу желілері жөндеуден өткізілді. Бұған қосымша, коммуналдық қызмет үшін қарызданып қалған аудандар да баршылық. Арал ауданы - 13 млн. 183 мың теңге, Жалағаш ауданы 6 млн. 327 мың теңге берешек.