Қызылорда облысында өткен жылы жолдарға 3 млрд. 583 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды

ҚЫЗЫЛОРДА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында 2011 жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 3 миллиард 583 миллион теңгеден астам қаражат жолдарды қайта жаңғыртуға, күрделі және орташа жөндеуге, сондай-ақ жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын ұстауға жаратылды.
None
None

Бұл аймақта 208,3 шақырымдық жолдың толық жөндеуден өткізілуіне жол ашты.

Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3337,5 шақырымды құрайды. Оның 1109 шақырымы республикалық жолдардың үлесіне тиеді. Ал облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 2228,5 шақырым болады. Бүгінгі таңға Арал ауданындағы «Самара-Шымкент-Сексеуіл» автомобиль жолының 24,3 шақырымы, Жалағаш ауданындағы «Самара-Шымкент-Аққошқар-Жаңадария» жолының 23,5 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Жалағаш және Жосалы кенттері арасын жалғап жатқан Қармақшы ауданындағы «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» жолы күрделі жөндеуді бастан кешті.

Былтырғы жылғы 1 қыркүйектен бастап Қызылордада қаланың екі беткейін жалғап жатқан жаңа өткел іске қосылды. Бұдан басқа, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға Жалағаш ауданындағы «Еңбек-Аққыр-Жаңадария» жолындағы көпірге күрделі жөндеу жүргізілді. Жыл ішінде облыстың барлық аудандарындағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өткізілді. Аймақтағы 26 елді мекендегі жолдарды орташа жөндеуге бөлінген 1 миллиард теңге ақша толық игерілді. Тап осынша қаржыға Қызылорда қаласындағы 30 көше орташа жөндеуден өтті.

- Аудандарда ешқандай сын көтермейтін жолдар әлі де бар, - деп атап көрсетті облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Әмірқұл Жылқайдаров. - Сондықтан облыстық мәслихатпен жасалған келісімге сәйкес облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жөнделу кезегі жасалып, бекітіліп қойылды.  Жолдарға 2012 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 4 миллиард 338 миллионов теңгеден астам қаржы бөлінеді. Аталған жолдарды жөндеу, Қызылорда қаласындағы көшелерді реттеу әлі де жалғаса береді. Сол сияқты биылғы көктемде Сырдария өзенінің Тереңөзек кенті тұсындағы иініне салынатын көпір құрылысы басталады.

Басқарма бастығының айтуынша, әсіресе, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылысы туралы әңгіме ерекше. Оның облыс аумағынан өтетін бөлігі 811,7 шақырым ұзындықты құрайды. Осы жоба аясында ондаған көпірлер, көлік тарататын тораптар, өткелдер, мал және су өтетін жыралар салынады. Жолдың 246 шақырымы жобаға сай төрт белдеулі «1-Б» техникалық санатына кіреді. Қалған трассалар 2-санатқа жатады. Облыс аумағындағы жолдар жобасы құрылысын қазір үш итальян, бір түрік-әзербайжан біріккен, бір әзербайжан кәсіпорындары жүргізіп жатыр. Бұдан басқа, жұмысқа 25 отандық субмердігерлік мекеме тартылса, олардың 4-уі жергілікті жерден болып отыр. Салынып жатқан трассаның бойында бүгінгі таңда 18 асфальт-бетон, 13 қиыршық тас шығарушы зауыт жұмыс жасап тұр. Жолдарға үш мыңға жуық жол құрылысы техникалары тартылған. Құрылыста барлығы бес мыңнан аса адам болса, солардың 338-і жергілікті тұрғындар. Қазірге дейін үш жүз шақырымнан астам айналма жолдар салынды, 600 шақырымнан аса жолдың атымы жасалып қойылды. Енді Қызылорда облысына қарасты жолдар құрылысы биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. 2013 жылға жол белгілерін орнатып, сызықтарын сызу жұмыстары ғана қалдырылады. Мамандардың жоспары мен есептері бойынша, 2013 жылы «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының құрылысы басталып қалуы кәдік.

Соңғы жаңалықтар