Қызылорда облысында жанар-жағармайға деген тапшылық жоқ
Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының сауда және лицензиялау бөлімінің бастығы Шолпан Жаңабаева мәлімдеді.
Облыста өткен жылдың қараша айында жанар-жағармайға деген тапшылықтың орын алғаны рас. Бұған Павлодар мұнай өнімдерін өңдеу зауытының жөндеуге тұрып қалғаны тікелей әсер етті. Аймақтағы барлық дерлік май құю стансалары бензинді талонмен босатып, оны жүзеге асырудың шекті мөлшерін белгілеп қойды. Ал желтоқсан айында облысқа 30,8 мың тонна мұнай өнімдері бөлінді. Бұл қараша айындағыдан екі еседей көп. Бүгіндері облыста жанар-жағармайға байланысты ахуал қалыпқа түсіп келеді. Жүргізілген мониторинг желтоқсанның соңғы күндерінде жанар-жағармайдың бағасы Қазақстан Республикасындағы төменгі мөлшермен теңескенін көрсетті. Атап айтқанда, АИ-80 маркалы бензиннің литрі 106 теңгеден, дизельді отынның литрі 90 теңгеден сатыла бастады. АО «КазАгроМаркетинг» АҚ мәліметтері бойынша, АИ-80 бензині мен дизельді отынның аймақтағы бағалары республиканың орта көрсеткішінен 1 теңгеге арзан. Ал АИ-92 маркалы бензиннің бағасы республикалық деңгеймен бірдей. Енді облысты қажетті жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету үшін оларды жеткізетін операторлармен келіссөз жүргізіліп жатыр.