Қызылорда облысында желтоқсан айында сүт өнімдерін өңдейтін екі кәсіпорын іске қосылды
деп хабарлайды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.
Айдың бірінші онкүндігінде қала іргесіндегі Абай ауылында 200 басқа арналған ірі қара фермасы мен «Шоғырлы-сүт» ЖШС сүт зауыты жұмысын бастады. Осы кезеңде Жаңақорған ауданында «Тату-Агро» шаруа қожалығының томат пастасын шығаратын зауыты да іске қосылды. Ал алдағы қаңтар айында жылыжайлар мен органикалық тыңайтқыш экстрактін шығаратын зауыт пайдалануға берілгелі тұр. Аталмыш өндіріс орындары Арал ауданында бой көтереді. Жылыжайлар 0,4 гектар ауқымды алады. Біздің өңіріміз үшін қызықты жаңалық болып табылатын құны 120 млн. теңгелік органикалық тыңайтқыш экстрактін шығару зауыты мен жылыжайлардың иесі «Жан Рос 21 ғасыр» өндірістік кооперативі болып отыр. Зауыт жылына 180 мың литр тыңайтқыш шығарады. Мұнда биогумус және сұйық тыңайтқыш тәрізді басқа да өнімдер дайындалатын болады. Оларға шикізат жергілікті жердің материалдарынан алынады. Сондықтан айтарлықтай арзанға түседі. Облыстың агроөнеркәсіптік кешені үшін маңызды саналатын тағы бір жоба - жылыжайлардың тұтас жүйесін ашу. Оны «Қызылорда ОНТИ» ЖШС жүзеге асырады. Ол Қызылорда қаласында 2,5 гектар жерге жылыжайлар орналастырмақшы. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ келер жылдың соңына дейін тағы 2,5 гектар алқапқа 50 жылыжайды салуды көздеп отыр. Бұл жоба үшін қазір коммуникациялық жүйеге жақын маңнан жер телімдері бөлініп қойылды. Тағы екі жоба Қызылорда мен Жалағашта құрама жем зауытын салуды көздейді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметі бойынша, жақында «Агросервис-Шапағат» ЖШС құрама жем зауытының құрылысын бастап кетеді. Жобаның құны - 100 млн. теңге. Ол ауысымына 80 тонна, ал жылына 24 мың тонна құрама жем шығаратын болады.