08:58, 07 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қызылорда облысында «Жол картасы» жобасы аясында бірқатар мектептер күрделі жөндеуден өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Аққұм ауылындағы №38 мектеп биыл күрделі жөндеуден өтіп, мұнда шәкірттер жаңа оқу жылын еңсесі биік сыныпта қарсы алып, оқу көктемінің алғашқы апталарын артқа тастады.
Бұл оқу ордасы осыдан 38 жыл бұрын пайдалануға берілген болатын. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген ғимарат «Жол картасы» жобасы аясында жаңарып қалды. Ағымдағы жылы бұл білім ошағының едені мен есік-терезесі, кәріз жүйесі мен жылу құбырлары толықтай ауыстырылды. Ғимаратқа жаңадан электр желілері жүргізіліп, мектеп сырты сырланды.
Аталған нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізуге 44 млн. 854 мың теңге бөлініп, бас мердігер «Айдана» ЖШС жөндеу жұмыстарының сапалы біткеніне кепілдік берді. Мұнда екі ауысымда 500-ге жуық бала оқиды. Үстіміздегі жылы 31 жас өрен осы мектеп табалдырығын аттады.