Қызылорда облысының әкімі екі аудан шаруашылықтарын аралады
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы Шиелі ауданындағы іссапарын «Шиелі -Авангард» серіктестігінің егіс алқабымен танысудан бастады. Ақмая ауылының 150 адамын жұмыспен қамтып отырған шаруашылық биылғы жылы 900 гектар жерге күріш, 747 гектар жерге жоңышқа, 322 гектар жерге бақшалық өнімдер еккен. Серіктестік директоры Асқарбек Жұмаділмен кездескен аймақ басшысы жауапты мемлекеттік сала басшыларына егістікке берілетін суды тамыз айының орта шеніне дейін толық қамтуды тапсырды.
Одан кейін облыс басшысы Жаңақорған ауданының аумағындағы «Сығанақ» қалашығында болып, жүргізіліп жатқан реставрациялық жұмыспен танысты. Сан ғасырлық тарихы бар ескерткішті мамандар 1927 жылы соңғы рет түсірілген суретінің негізінде қайта қалпына келтіруге кіріскен. Ескі қала орнындағы мешіт-медресені қалпына келтірумен «Қайта жаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 3 жылдан бері шұғылданып келеді. Оған мемлекет тарапынан қажетті қаржы бөлінді. Дегенмен, бұл жұмыстарды әлі де ширата түскен жөн. Осы жерде тарих ғылымының докторы, Сейден Жолдасбаевпен және тағы басқа да мамандармен пікірлескен Қырымбек Елеуұлы археологиялық қазба жұмыстарының өз дәрежесінде жүруіне тілектестігін білдіріп, атқарушы орындар тарапынан уақытылы көмек берілетіндігін жеткізді.
Облыс басшысы одан кейін Жайылма ауылдық округінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп отырған 9 шаруа қожалығының жәй күйімен танысты. Жалпы, 5000 тонна бақша дақылы, 250 тонна картоп, 300 тонна көкөніс өндіріп отырған диқандар алғашқы кезекте өздері өндірген өнімдерін өткізуге кідіріс болатындығына алаңдайды. Өнімді сатуға байланысты осы кездесуде Қызылорда қаласына күнделікті қатынап, өнім таситын бес жылжымалы сауда нүктесін ашу жағдайы ұйымдастырылатын болып шешілді.
Сондай-ақ облыс басшысы осы сапарында күннен энергия алатын электр стансасын салу бойынша атқарылатын жұмыстармен танысты. Мұнан соң аймақ басшысы Кейден ауылы тұсындағы күкірт қышқылын өндіретін зауыттың жұмысын көрді. Жылдық қуаттылығы 500 тонна болатын алып өндіріс орны жаңа технологиялармен қамтамасыз етіліп, айналаға экологиялық залалсыз қызмет жасауы керек. Айта кетейік, қажетті өнім өндірумен бірге, зауыт электр қуатын өндіреді.
Іссапар барысында облыс әкімі Түгіскен алқабын суландыратын Көктөбе ауылы тұсындағы үрлемелі су тоспасы құрылысының жұмысын назардан тыс қалдырмады. Жобалық құны 1 млрд. теңгені құрайтын нысанның құрылысы аяқталған кезде 30 мың гектар алқапты суғару мүмкіндігі туады.