Қызылорда облысының әкімі өңірдің барлық аудандарын аралап шықты
деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы сапар барысында бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Кездесулерде жұртшылықтың ұсыныстарын тыңдады.Ол жаңа жылдағы алғашқы жұмыс сапарын солтүстік аудандардан бастады. Алдымен Сексеуіл кентіне ат басын бұрып, осында салынып жатқан 150 орындық мектептің құрылысымен танысты. Бүгінде оның 70 пайызы салынған. Қазіргі таңда облыс бюджетінен бөлінген 377 млн. теңге қаражаттың 200 млн. теңгесі игерілген. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан 60 жұмысшының 40-ы жергілікті азаматтар. Мектеп үстіміздегі жылдың мамыр айында пайдалануға берілмекші. Оған қажетті құрылыс материалдары түгел алынды. Кентте сонымен бірге 150 орындық жаңа клуб та салынып жатыр. Осы ауылдық клуб жанына кенттің даму сызбасы бойынша емхана, балабақша, сауда үйі және бірнеше мекеме салынбақ.
Облыс әкімі Қазалы ауданындаБозкөл ауылында су сорғысы стансасының ашылу салтанатына қатысты. Бұл Арал-Сарбұлақ топтық су құбырының 5-ші кезеңінің аяқталуына байланысты пайдалануға беріліп отыр. Осы арқылы аудан орталығынан шалғайда жатқан 5 елді мекен тұрғындарының таза ауыз суды пайдалану мүмкіндігіне қол жетті. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік «Таза су» бағдарламасының игілігін бүгінде қос аудандағы 45 елді мекен көруде. Аталған топтық су құбырының 5-кезеңіне 2010-2011 жылдарға республика бюджетінен 4,6 млрд. теңге бөлінген. Тораптық су құбырының су айдау стансасы, яки, 1000 текше метрлік су сақтау қоймасы мен бас сорғысы осы Бозкөл ауылына орнатылып, бірнеше тұрғын жұмысқа орналасты.
Қармақшы ауданында тоғыз жолдың торабында тұрған Төретамға қоныстанғандардың саны жыл сайын артып, бүгінде 10 мыңнан әрі жоғарылаған. Соңғы кезде шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтардың үлесі ұлғайған. Асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатындағы бағдарлама бойынша «Зілқара» шаруа қожалығы бес миллион теңгеге несиелендіріліп, 27 бас мүйізді ірі қараны бағуда.
Облыс әкімі Болатбек Қуандықов Жалағаш ауданында Таң ауылының ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту мәселелерін талқылады. Сонымен бірге ауданда қолға алынғалы жатқан индустрияландыру бағытындағы «Серпін» атты өндірістік аймақ құру жоспарын мақұлдады. Аудан орталығынан 22 гектар жерді құрайтын аймақта 5 жоба іске асырылмақшы. Олардың арасында жылыжай, мал сою цехы, құрылыс материалдары өндірісі бар.
Облыс әкімі Жаңақорған ауданындағы іссапарының басында тау беткейіндегі Бесарық ауылдық округінің «Талдысу» тынығу лагеріне аялдады. Мектеп оқушыларының жазғы каникул кезінде тынығуына арналған саялы жерге орналастырылған жаңа типтегі сәулетті де ауқымды кешен аудан еңбеккерлерінің қысқы мерзімде де демалатын мекеніне айналып, игілікті қызмет атқаруы тиіс. Осы тұрғыдағы біршама жұмыстар облыс басшысының тікелей бақылауымен жүзеге асырылып келеді. Сол маңнан скважина қазу, жылу жүйелерін ретке келтіру, монша салу жұмыстары да өз кезегін күтіп тұрған әлеуметтік салаға қатысты шаруалар. Осы жұмыстарды тағы бір пысықтаған аймақ басшысы тиісті басқармалар мен департамент басшыларына тапсырмалар берді.
Индустриялық-инновациялық жобалардың іске асырылуына кең өріс аша отырып, жаңа жұмыс орындарының халық игілігіне айналуы елдің көңіл-күйін де, жалпы тұрмыстық жағдайын да жақсарта түскені сезіледі. Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіш бір жылдың өзінде біржарым еседен артық өскен. Сондай-ақ, алдағы уақытта осы салаға 80 млрд. теңгенің инвестициялық қаржысы тартылады деп жоспарлануда. Өмірімізге дендей енген нарықтық қатынастардың тетіктерін түсіністікпен меңгере бастаған жаңақорғандық өндірісшілер мен талапты жастар тәжірибе мен білімді ұштастыра отырып, жаңа сүрлеудің ашылуына мейлінше мән беруде. Өйткені, бұл жалпы өнімді молайтумен қатар Президентіміз талап етіп отырғанындай, шағын және орта бизнестің үлесін арттырады, жұмыссыздық деңгейін төмендетеді.
Аудан бойынша жалпы құны 92 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба енгізілсе, оның 5-еуі іске қосылды.
Шиелі ауданындатұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған аймақ басшысы мұнан соң «Шиелі жарығы» ЖШС-нің жаңадан ашылған ғимаратында болды. Серіктестік басшылығы мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Аталған серіктестік энергиямен жабдықтаушы мекеме ретінде электр энергетикасы нарығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде серіктестік Шиелі, Жаңақорған және Сырдария аудандары тұтынушыларын, жалпы алғанда, 80 елді мекенді электр қуатымен жабдықтап отыр. Мекеме өзінің негізгі қызметімен қатар қосымша электр желілерін құрылыс-құрастыру, электр желілерін күтіп-баптау жұмыстарын қоса атқаруда. Бүгінгі таңда мұнда барлығы 120 адам қызмет етеді.
Аймақ басшысы Б.Қуандықов «Шұғыла» санаториялық балалар бақшасына ат басын бұрды. Бұл балабақшаның құрылысына 2010 жылы облыстық бюджеттен 174 млн. теңге бөлінген. Бас мердігер «Абусер» ЖШС 169 млн. 100 мың теңгеге құрылыс жұмыстарын жүргізіп, 90 орындық санаторлық типтегі балабақшаны 2010 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берді.