Қызылорда облысының депутаттары жол құрылысы саласындағы проблемаларды көтерді
Бұл туралы кеше өткен облыстық мәслихаттың 18-сессиясында кеңінен айтылды.
Сессия жұмысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков қатысып, күн тәртібіндегі негізгі мәселеге орай өз ойларын білдірді. Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бегман Көлбаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы облыс аумағындағы республикалық және облыстық мәндегі 3360 шақырымдық автомобиль жолдарын жөндеу мен салуға жыл сайын қомақты ақша бөлініп тұрады. Мысалы, биылғы жылы оның көлемі 7 200 млн. теңгені құраған.
Әлбетте, проблемалар да жеткілікті. Соның бастысы - жол құрылыстарын салу сапасының нашарлығы. Бұл жерде мамандар деңгейлерінің төмендігін де айтпауға болмайды. «Ал оларды шешу үшін жұмыстың жасалу барысын ұдайы бақылауда ұстау қажет», - деді Көлбаев. Ол сондай-ақ жолдар жағдайының аудит қызметі енгізіліп жатқанын сөз етті.