Қызылордада 7 жасар қызды зорлап, өлтірген азғын 25 жылға сотталды
Оқиға Қармақшы ауданында биылғы ақпан айында орын алды. Алдымен арақ ішіп алған 25 жасар жігіт мектептен қайтып келе жатқан 1-сынып оқушысының соңына түседі. Бүлдіршін салынып жатқан бір үйдің жанына келгенде, оны сонда тартып кіргізіп, алдымен зорлайды. Содан соң басынан кірпішпен ұрып өлтіреді. Бұл жантүршіктірерлік оқиға ақпан айында орын алып, елді дүрліктірді.
«Шілде айының алғашқы күні облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушыға үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотталған 25 жастағы жап-жас жігіт қаршадай қыздың өміріне балта шапқанымен қоймай, өзінің өміріне де ор қазып, ойрандады. Енді ол 50 жасқа дейін қалған өмірін темір тордың арғы жағында өткізетін болады», - делінген хабарламада.
Сот сотталушыға ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 4-бөлігі мен 96-бабы 2-бөлігі «в,д,к,о» тармақтарымен, яғни кәмелет жасына толмаған қызды зорлау және аса қатыгездікпен қылмысын жасыру үшін адам өлтіру қылмыстарын жасағаны үшін Қылмыстық Кодекстің 58-бабы 4-бөлігімен жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 25 жылға бас бостандығынан айыруға, түпкілікті мүлкін тәркілеп 48-бабы 6-бөлігі негізінде (бас бостандығынан айыру, аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өтеу түрiнде, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкiн) бірінші 5 жылын түрмеде, қалған 20 жылын қатаң режимдегі түзеу колонияда өтеуге жаза тағайындады.
Айыпталушы да, жәбірленуші де 15 күн ішінде үкімге шағым беруге құқылы.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.