Қызылордада әкімшілік айыппұлдар өндіру істері бойынша 5 млн.-ға жуық теңге өндірілді

Аудандық прокуратураның үйлестіруі негізінде аудандық аумақтық сот орындаушылар бөлімі ішкі істер бөлімімен бірге әкімшілік айыппұлдарды мемлекет пайдасына өндіру жөнінде бірлескен жұмыс тобын құрды. Аталған жұмыс тобы бір жарым айдың ішінде ауқымды жұмыстар атқарды. Атап айтсақ, әкімшілік айыппұлдар өндіру істері бойынша 468 өндіріс ісі аяқталып, мемлекет пайдасына 4 971 834 теңге өндіріліп, жергілікті бюджетке аударылды.
Сонымен қатар, аудандық жол полициясы бөлімшесі мелекеттік сот орындаушысының қаулысы негізінде әкімшілік айыппұлын төлемей жүрген 20 борышкердің автокөлігін қамауға алып, сот орындаушының шақыртуына келмеген 400-ден аса борышкерді мәжбүрлеп келтірді.
Іс барысында әкімшілік айыппұлды төлеуден бас тартқан борышкерлердің автокөлігінің мемлекеттік белгілері алынды.